Шымкентте ұлттық спорт түрлерінен А.Асқаров атындағы халықаралық турнир өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет қайраткері, Социалистік Еңбек ері Асанбай Асқаров атындағы халықаралық турнир биыл Оңтүстік өңірде ХІІІ мәрте жалауын көтермекші, деп хабарлайды ҚазАқпарат ulttyqsport.kz сайтына сілтеме жасап.

Шымкент қаласының орталық атшабарында қарашаның 15-20 жұлдызы аралығында өтетін бұл дәстүрлі жарысқа Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан командалары қатысады деп күтілуде.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың туғанына биыл 94 жыл. Айтулы дата қайраткердің кезінде еңбек еткен оңтүстік өңірінде ерекше аталып өтуде.

Ұлттық спорт түрлерінен өтетін Асанбай Асқаров атындағы халықаралық турнирдің ауқымы да жыл сайын кеңейіп келеді. Алғашқыда республикалық деңгейде ғана ұйымдастырылған турнирде тек көкпар ойыны ғана ұйымдастырылатын. Кейіннен аталмыш жарыс халықаралық дәрежеде ұйымдастырыла бастады. 2011 жылдан бастап турнирге аударыспақ сайысы енгізілді.

Асанбай Асқаров атындағы халықаралық турнирде енді ұлттық спорттың жамбы ату түрінен де бәсеке өткізіле бастайды. Көкпардан ХІІІ мәрте, аударыспақтан V мәрте, жамбы атудан тұңғыш рет жалау көтеретін биылғы турнирге еліміздің барлық облысының командалары бақ сынамақшы. Жарыс қарашаның 15 жұлдызында басталады.