Шымкентте үш ауысымды мектеп мәселесі биыл толығымен шешіледі
19:43, 09 Тамыз 2023
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте үш ауысымды мектептердің мәселесі биыл толығымен шешіледі. Бұл туралы Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шымкентте 2025 жылға дейін жалпы 68 675 орындық 54 мектеп салынады деп жоспарланып отыр. Оның ішінде, биыл 18 мектеп пайдалануға беріледі. Нәтижесінде, үш ауысымда оқытатын 3 мектептің мәселесі жаңа оқу жылына дейін толығымен шешіледі.
«Бала саны тығыз орналасқан 11 тұрғын алабы үшін 21 мектеп, «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы шеңберінде 2025 жылға дейін 25 мектеп, қосымша құрылыстар есебінен 29 мектеп, жеке инвесторлар есебінен 26 мектеп салынады. Нәтижесінде, үш ауысымда білім беретін мектептер мәселесін биыл, ал ыңғайластырылған ғимарат, жаңадан ашылған шағын аудандардағы мектеп жайы және сынып толымдылығы жоғары мектептер мәселесін 2025 жылға дейін толығымен шешу жоспарланып отыр» - деді Жанат Тәжиева.