Шымкентте үйінен шығып кетіп, адасып қалған 10 жастағы бала табылды
Қалалық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, ата-анасы ұлының үй ауласында ойнап жүргенін, кейін таппай қалғандығын айтқан.
«Тәртіп сақшылар жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында көшеде жалғыз жылап жүрген баланы көріп, полиция басқармасына жеткізді. Тәртіп сақшыларының сұрастыру барысында баланың адасып қалғанын анықтап, оны ата-анасына тапсырды», делінген хабарламада.
Полиция департаменті сондай-ақ, Жергілікті полиция қызметі басқармасымен жасөспірімдер арасындағы қылмыстардың алдын алу мақсатында «Жасөспірім» іс-шарасын өткізуде. Шара өткізілген үш күн ішінде полиция қызметкерлері Ішкі істер органдарына 150 жасөспірімді жеткізген.
Ата-анасының қадағалауынсыз жүрген 25 жасөспірім Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылса, 107 жасөспірім бала түнгі уақытта заңды өкілінсіз тұрғын үйден тыс жерлерде жүргені анықталды. Тағы 5 жасөспірім түнгі уақытта ойын-сауық мекемесінен табылған.
Барлық жасөспірімдердің ата-аналарына әкімшілік шара қолданылды. Бұдан өзге түнгі уақытта ойын-сауық мекемесінде болуға жол берген 4 жеке кәсіпкерге әкімшілік құқық бұзушылық хаттамасы толтырылды.
Құқықбұзушылыққа бейім 14 жасөспірім және 20 жайсыз отбасы ішкі істер органының есебіне алынды. Кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау комиссиясында қарауға 5 материал жолданды. Оның ішінде, ата-аналық құқықтарынан айыру мақсатын көздейтін - 2, Кентау қаласындағы арнайы мектеп-интернатқа жолдауды қарастыратын 3 материал бар.