Шымкентте вакцина алудан бас тартқан балалар қызылша жұқтырып жатыр

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Республика бойынша қызылшаның 291 жағдайы тіркелді, оның ішінде 182 жағдай расталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне сілтеме жасап.

Шымкент қаласында 2021-2022 жылдары қызылша ауруы тіркелмеген еді.

Алайда биыл жылдың басынан бері қызылшаның 13 жағдайы тіркелді, оның ішінде 9 жағдайы зертханалық расталды.

Ауырғандардың ішінде 8 жағдай 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелген, оның ішінде қызылшаға қарсы екпені алмаған балалар - 85,7%.

Қызылша – ауа-тамшы жолымен таралатын вирусты жұқпалы аурулардың бірі. Вирус сыртқы ортаға ауырған адам сөйлегенде, жөтелгенде, түшкіргенде бөлінеді және өте тез таралады.

Бұл аурумен ауырып жазылған адам өмір бойы иммунитетін сақтайды. Қызылшамен ауырған аналардан туылған балалар 3 айға дейін бұл ауруға шалдықпайды, өйткені осы аралықта олардың қанында анасынан берілген антидене сақталады.

Бұл аурумен ауырмаған және егілмеген адамдар қызылшаны жұқтыруға бейім болады және өзінің өмірінде кез-келген жаста ауру жұқтыруы мүмкін.

Науқаспен байланыста болғандар 21 күн медициналық бақылауда болады және 72 сағат ішінде егуге жататындар егіледі.

Инкубациялық кезең (жұқтырғаннан кейін бірінші белгілері пайда болғанға дейін) 7 күннен 21 күнге дейін созылады.

Қызылшаның асқынуы: ең көп тараған түрі ортаңғы құлақтың қабынуы (отит), соқырлық, бронхтық пневмония, мойын лимфотүйіндерінің қабынуы, ларингит, энцефалит.

Егер суық тию белгілері пайда болса, дәрігерді үйге шақырып, ем қабылдаумен тексеруден өту керек. Науқастарға уақтылы диагноз қою, емдеуді тағайындау және ұйымдасқан ұжымға барған жағдайда оны оқшаулау және инфекцияның одан әрі таралуын болдырмау үшін алдын алу шараларын уақтылы жүргізу қажет.

Қызылшаның алдын алудың ең тиімді, сенімді және баламалы жолы – вакцинация.

ҚР Ұлттық егу күнтізбесіне сай ең алғашқы вакцинация дені сау кезінде балаларға 12-15 айлығында, екіншісі 6 жаста жасалады.