Шымкентте вандалдар қиратқан соғыс ардагерлерінің ескерткіші көшірілетін болды
17:19, 01 Маусым 2018
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте вандалдар қиратқан соғыс ардагерлерінің ескерткіші көшірілетін болды. Мұндай шешімді қала әкімдігі қабылдаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосыновтың сөзінше, қорғасын зауыты аумағындағы ескерткіш қаладағы №5-ші мектептің алдына көшіріледі. Қазір оған арнайы жоба да жасалып қойылған. Ескерткіш тақтада майдан даласына кетіп, қайтып оралмаған қорғасын зауытының бұрынғы жұмысшыларының есімдері жазылатын болады.
Еске салайық, бұған дейін Жеңіс күні қарсаңында вандалдар қорғасын зауыты аумағындағы майдангерлердің есімдері жазылған мемориалды қиратып кеткен болатын. Кейіннен полицейлер аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғап, бұзақыларды іздестіріп жатқанын айтқан еді.