Шымкентте жалпыхалықтық сенбілік өтті
Қала әкімдігінің бастамасымен қолға алынған сенбілікке қатысушылар төрт аудандағы саябақтар мен гүлзарларды, аулалар мен көшелерді және арық-атыздарды қоқыстан тазартты. Ал, осы іс-шараға ұйытқы болған қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен 16 этномәдени бірлестік төрағалары Қошқар ата өзенінің бойында сенбілік ұйымдастырды. Олар жай және қылқан жапырақты ағаштар отырғызып, ойын алаңшаларын сырлады. Ағаштардың түптерін әктеп, жасыл желектерді тазалау жұмыстарын атқарды.
«Күн санап көркейіп келе жатқан қаламыздың таза, әдемі болуына және көркеюіне үлес қосу - әр тұрғынның парызы деп санаймын. «Тазалық күні» аясында көпшілік демалатын қасиетті орындарда тазалық жұмыстары жүргізілді. Сәндік ағаш көшеттері отырғызылды. Бүгінгі шараның тазалықпен қатар, халықты ынтымаққа үндейтін мән-маңызы зор екенін де ерекше айтқым келеді», - дейді ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы Гузаль Темирова.