Шымкентте жаңа балабақша ашылды
Екі қабатты мектепалды білім мекемесінің құрылысына 583 млн. теңге жұмсалған. Барлық жұмыстар мерзімінен 9 ай бұрын аяқталды. Мұнда музыка және би кабинеті, спорт залы және медициналық кабинет бар.
«Орнатылған жабдықтардың бәрінің сапасы өте жақсы. Зертханалық тексерістер жүргізілді. Жабдықтардың кепілдігі - 5 жыл», - деп баяндады құрылыс компаниясының басшысы Талғат Бейсенов.
Енді Шымкентте 83 мемлекеттік балабақша бар. Биылғы жылы бюджет қаржысына салынған барлығы 3 мектепке дейінгі мекеме ашылды. Қалалық білім беру мекемесінің мәліметтерінше, 75 пайызға жуық баланы балабақшадағы орындармен қамтамасыз ету мүмкін болды. Кезекте әлі 46 мыңнан астам бүлдіршін тұр. Жыл соңына дейін тағы 5 мектепалды мекеме ашылатыны туралы хабарланды.
Естеріңізге сала кетейік, Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Шымкентте бірден 2 балабақшаның лентасы қиылған еді. Олардың бірі 80 орынға шақталған «Аққанат» балабақшасы болса, екіншісі «Тұлпар» бөбекжайы.
№9 «Аққанат» сауықтыру бөбекжай-балабақшасында сәбилер 4 топта тәрбиеленетін болады. Мұнда 38 адам жұмыспен қамтылған.
«Тұлпар» шағын ауданында осы күні №5 «Тұлпар» бөбекжай-балабақшасы да ашылды. 320 орынға шақталған бөбекжай 18 топқа негізделген. Үш тілде білім беретін бақшада өрендердің алаңсыз тәрбие алуына және олардың бойына білімнің алғашқы негізін қалауға қажетті жағдайдың барлығы жасалған.