Шымкентте жарты жыл бойы пәтерлерді тонап жүрген күдікті ұсталды

Фото: None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте жарты жыл бойы пәтерлерді  тонап жүрген  күдікті ұсталды. Қазірдің өзінде сезіктінің  жәбірленушілерге келтірген  шығыны 2 миллион теңгеден асады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қылмысты ашуға 36 жастағы қала тұрғынының арызы себеп болыпты. Ол тәртіп сақшыларына Шымкенттің іргесіндегі саяжайына белгісіз тұлғалар еніп, теледидары мен музыкалық құрылғысын, электрқұралдарын және газбалонын ұрлап кеткенін айтыпты. Қолды болған тұрмыстық техниканың құны 200 мың теңгеден асқан.

 

Жедел-іздестіру шарасы барысында Қаратау полиция бөлімінің қызметкерлері 19 жастағы  күдіктіні ұстады. Тергеу кезінде оның Қайнарбұлақ саяжайы аумағында  6 ай көлемінде 13 пәтерді тонағаны белгілі болды. Барлық қылмыстарды белгілі бір жүйе бойынша іске асырып келіпті. Яғни,  сыбайластарымен бірге  үй иелерінің жоқтығын пайдаланып, құнды заттарын жымқырып отырған.

 

Ұрланған заттарды сатып, ақшасын өз қажеттілігіне жаратып жүрген. Қазір  оған қатысты Қылмыстық кодекстің «Ұрлық» бабымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тәркіленген айғақты заттар иелеріне қайтарылды. Ал, күдіктінің өзге сыбайластары іздестірілуде. 

 

Соңғы жаңалықтар