Қанат пен Гүлмира Қамбаровтар некесін қиғаннан кейін бірден сайлау учаскесіне барды. Өзге дауыс берушілерге қарағанда қалыңдық пен күйеу жігіт ерекше болып көрінді.
«Бүгін маңызды күн, болашағымызды таңдап жатырмыз. Ол бізге байланысты. Тойымызды жоспарлағанда, қаланы аралаған уақытта сайлау учаскесіне соғамыз деп межеледік. Кімге және қай партияға дауыс беру тұрғысында екеуміздің пікіріміз бір жерден шықты. Бұл біздің ортақ таңдауымыз», - деді Қанат Қамбаров.
М.Әуезов атындағы ОҚМУ ғимаратында орналасқан №94 сайлау учаскесінде сайлаушылардың тізімінде 1 842 адам болды.
«Біздің учаскеде 711 студент дауыс береді. Жастардың 105-і алғаш рет дауыс бергелі жатыр. Адамдардың белсенділігі жоғары», - деді №94 сайлау учаскесінің сайлау комиссиясының төрағасы Эрнст Тілеуілов.
Ол атап өткендей, 12 сайлаушыға жәшікті үйіне апарады. Өйткені ардагерлер денсаулығына байланысты сайлау учаскесіне бара алмайды.