Шымкентте жасөспірімдер спорт лигасы құрылады

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте жастар арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық деңгейін төмендетудің бірден-бір жолы - салауатты өмір салтын қалыптастыру және бұқаралық спортты дамыту. Қала әкімдігінің кезекті мәжілісінде шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов осылай деді. Әкім сонымен қатар спорттық ойын түрлерінен жастар спорт лигасын құруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

«Түрлі командалық спорт түрлері бойынша мектеп лигасын құрып, оны қаржыландыруда қаладағы ірі кәсіпкерлерді демеуші ретінде тартуға болады. Содан соң жеңімпаз деп танылған команда мүшелерін бағалы сый-сыяпатпен марапаттап, түрлі гранттар ұтып алуына мүмкіндік жасауымыз керек», - деді Әбдірахымов.

Өз кезегінде, Шымкент қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қанат Қалыбеков осы мәселеге орай статистикалық деректерді келтіріп кетті.

Оның айтуынша, шаһарда 14-29 жас аралығындағы 250 мыңға жуық жас азамат бар. Олар қала халқының 27 пайызын құрап отыр. Ал, мемлекет тарапынан жастар саясатын жүзеге асырудың аясында арнайы іс-шаралар жоспары түзіліп, негізгі 3 бағыт анықталған. Бірінші бағыт - бұқаралық спортты дамыту мен білім беру мекемелеріндегі жастарды қолдау болса, жастар арасында қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу екінші бағыт ретінде қарастырылған. Үшінші бағытқа жастар арасында жұмыссыздықтың алдын алу мен кәсіпкерлікті дамыту бекітілген. Бұл ретте қыз-жігіттерді жұмыспен қамту мақсатында бірқатар нақты іс-шаралар қолға алынған. Яғни, «Халықты жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында қайта даярлау курстары арқылы жастар оқып, мамандық алады. Аталған мәселені шешу мақсатында, қалада орналасқан зауыттар, кәсіпорындар мен қызмет көрсету орталықтарының картасы жасақталуы қажет екендігі айтылды.