Шымкентте жауған қалың қар дельфинарийдің жұмысына кедергі келтірген жоқ

None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентке гастрольге келген мәскеулік дельфинарий өкілдері қалың қардан құрылыстың шатыры зардап шекті деген деректі жоққа шығарды, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Мәскеулік жоба қызметкерлері ауа райының қолайсыздығының бұған еш қатысы жоқ екенін, келуші адамдар аз болған соң гастрольді ерте аяқтауды дұрыс деп тапқанын айтты.

«Біз гастрольді аяқтадық. Бұл күмбез біздің техникамызды залға кіргізуге кедергі келтіреді. Сондықтан технология бойынша 2 баллонды алып шығып, күмбездің бөлігін жинап, жануарларды сыртқа алып шығамыз, сосын оларды тиеп, кері қайтамыз» деді жоба басшысы А. Беляков.

Еске салсақ, әлеуметтік желіде Шымкентте дельфинарийдің шатыры қирады деген ақпарат тарап кетті. Оны біреу қалың қар түскеннен кейін бірден суретке түсіріп алған. Ол жеңіл конструкция қардың ауырлығынан құлап қалды деп ойлаған болуы керек.