Шымкентте жеңіл атлетикадан қысқы Қазақстан чемпионаты өтеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  30-31 наурыз күндері Шымкентте жеңіл атлетикадан қысқы Қазақстан чемпионаты өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Жеңіл атлетика федерациясының таратқан мәліметтеріне сүйенсек, жарыстың бағдарламасына найза, диск, балға лақтыру сайыстары, ұзақ қашықтыққа жүгіру (3, 5, 15 шақырым және жартылай марафон - 21 шақырым), спорттық жүріс (5,10, 20 шақырым) түрлері енген.

Чемпионатқа ересектерден бөлек, жастар мен жасөспірімдер де қатысады.

Дәл қазіргі есеп бойынша жарысқа қатысуға 187 спортшы өтініш беріп үлгерген (110 ер, 74 әйел спортшы). Әзірге жарыс иесі Оңтүстік Қазақстан облысынан қанша спортшы қатысатыны анықталмаған. Сондықтан бұл сан 200-ге жақындайтыны анық.

Олардың арасында 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасында қола жүлде еншілеген Татьяна Лесоваяның екі шәкірті Мария Телушкина (дискобол) мен Диана Нүсіпбекова (балға лақтыру) бар. Екеуі де жаңа маусымнан үлкен үміт күтіп отыр. Өйткені, аталған спортшылар Молдова астанасы Кишиневте танымал балға лақтырушы Сослан Маргиевтен тәлім алып келді. Телушкина сонымен қатар екі рет Санкт-Петербургке оқу-жаттығу жиынына барды. Онда ресейлік Алексей Андреевтің қарамағында жаттықты. Бұл екеуінен басқа еліміздегі танымал дискобол Александра Мамонтова, көпсайысшы Сарифа Рзақұлиевалар Шымкентте өнер көрсетуге бел буып отыр.