Шымкентте жыл соңына дейін апатты мектептердің мәселесі шешіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шымкентте жыл соңына дейін апатты мектептердің мәселесі шешіледі. Бұл туралы ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов айтты.

Елбасының «5 институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» - Ұлт Жоспарының Шымкент қаласында атқарылуы мен қаланың даму тұжырымдамасының жүзеге асырылу барысын баяндаған қала басшысы бұл жұмыстардың алдағы бес жылдық даму концепциясы аясында жасалатынын жеткізді.

2016 жылға 29 млрд теңге қарастылып отыр. Бұл қаржы, ең алдымен, қаладағы коммуналдық және абаттандыру мәселелерін шешуге жұмсалады. Бөлінген ақшаға қаладағы 8 елді мекенге ауыз су, 5 елді мекенге кәріз, 5 елді мекенге электр жарығын, 2 елді мекенге газ тартуға, 28 көше мен 231 ауланы жарықтандыруға, «Нұрсәт» шағын ауданындағы орталық аллея мен «Мәртөбе» саябағын қайта құрып, №17 шағын аудандағы гүлзарды көріктендіруге жұмсалады.

Сонымен қатар, жыл соңына дейін қаладағы бірқатар көшелер мен өткелдер қайта құрылып, транспорт саласында бірқатар шаруалар атқарылады.

«Тұрғын үй құрылысын дамыту аясында биыл 1 260 пәтерлі 19 тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Білім беру нысандарын дамыту бойынша 4 жаңа мектеп, 4 мектептің қосымша құрылысы, 1 апатты мектеп және 1 балабақша құрылысы жүргізіледі. Соның есебінен, 2016 жылы апатты мектептер, 2018 жылға дейін үш ауысымды мектептердің мәселесі толығымен шешілетін болады», - деді Ғ.Әбдірахымов.