Шымкенттегі 121 бос әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға конкурс жарияланды
20:07, 10 Желтоқсан 2019
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкенттегі жергілікті атқарушы органдарда мемлекеттік қызметшілердің штаттық саны 758 болса, оның 121-і бос тұр. Бұл туралы бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Әли Көмекбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған мемлекеттік қызметшілер жұмысының тиімділігін арттыру мен арнайы дайындығы бар жас кадрларды бос орындарға тарту мәселелері сөз болды.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында шаһардағы аумақтық органдар бойынша жалпы саны 210 бос әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға конкурстар жарияланып, ішкі конкурс негізінде арқылы 137 мемлекеттік қызметші тағайындалған. Тиісті қызмет саласында кәсіби білім мен практикалық тәжірибе алмасу мақсатында 25 мемлекеттік қызметші тағылымдамадан өтіп, жоспарланған аумақтық органдардағы 17 қызметші біліктілігін шыңдаған.