Шымкент қаласында биыл пайдалануға берілетін 11 мектептің есебімен жекеменшік білім мекемесінің саны 62-ге жетеді. Жеке мектептер санын көбейту - бюджетке түсетін жүктемені төмендетуге, орын тапшылығын азайтуға, білім сапасын жақсартуға және педагог мәртебесін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Ал, бұл инвестор үшін тұтыну кепілдігі бар табысты әрі ұзақ мерзімді бизнес жоба болып табылады.
Өткен жылы мегаполисте 25 жаңа мектеп ашылып, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға төмендеген. Ал, апатты мектептер жоқ.
«Жас дарын-3» жеке меншік мектебінің құрылысымен танысу барысында қала әкімі инвесторлар есебінен салынатын білім нысандары тиімділігіне тоқталды.
«Жан басына шаққандағы қаржыландыру – бюджет қаражатының жұмсалу тиімділігін арттырады, жалпы білім беретін мектептердің материалдық жағдайын жақсартады және жұмыс нәтижелерін ынталандырудың қосымша шаралары есебінен педагогтың беделін жоғарылатуға септігін тигізеді»,-деді М.Әйтенов.
Қала әкімі инвестордың есебінен салынып жатқан жекеменшік мектептердің құрылысымен танысты.
Мемлекет басшысы 2023 жылдың соңына дейін үш ауысымды және апатты мектептерді жою туралы үкіметке нақты тапсырма жүктегенін айтқан Мұрат Әйтенов мектеп құрылысын күшейту үшін жеке кәсіпкерлерді көптеп тарту керектігін жеткізді.