Шымкенттегі аламан айтыста Төле би мен Абылай хан атындағы жүлдені иеленгендер темір тұлпарды тақымдады

None
АСТАНА. 17 наурыз. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Шымкенттегі Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрында Ұлыстың ұлы күніне арналған республикалық «Наурыз» айтысы өз мәресіне жетті.

Дүлділдер бақ сынасқан жыр додасының мақсаты - қазақтың тарихи тұлғалары Төле бидің 350 және Абылайханның 300 жылдықтарына арналып, айтыс өнері арқылы көнеден келе жатқан дәстүрлі «Наурыз» мерекесін дәріптеу, еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін, ұлттар мен ұлыстардың мызғымас татулығы мен достығын, қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын кеңінен насихаттау болған еді. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Республикалық «Наурыз» айтысы алғаш рет 2004 жылы ұйымдастырылып, биыл 10-шы рет өтіп отыр. Биылғы дүбірлі додаға астаналық Айнұр Тұрсынбаева, Еркебұлан Қайназаров, Әсем Ережеқызы, қызылордалық Мұхтар Ниязов пен Нұрмат Мансұров, батысқазақстандық Жансая Мусина, жамбылдық Асхат Қылышбек, павлодарлық Аспанбек Шұғатаев, ақтөбелік Аян Сейітов, оңтүстікқазақстандық Бекарыс Шойбеков, Маржан Есжанова, Жарқынбек Наушабеков, Ақмарал Леубаева, Анар Жаппарқұлова, Карима Ораловалармен қатар жас ақындар арасынан іріктелген Қалижан Білдашов, Біржан Байтуов, Нұрлан Есенқұлов, Асхат Садықбеков, Тұрар Тілеулиев, Гүлзия Қалымбетова, Қажымұқан Абзаловтар қатысқан еді.

Аламан айтыстың қорытындысына орай, Абылай хан атындағы бас жүлдені Батыс Қазақстан облысынан келген Жансая Мусина, Төле би атындағы бас жүлдені Оңтүстік Қазақстан облысының ақыны Біржан Байтуов жеңіп алды. Сөйтіп, екі ақын да айтысқа арнаулы тігілген темір тұлпарды тақымдап кетті.

Бұдан бөлек, жүлделер бойынша бірінші орын Оңтүстік Қазақстан облысының белді ақыны Бекарыс Шойбековке бұйырды. Екінші орынды алматылық Қанат Мырзаханов пен оңтүстік қазақстандық ақын Нұрлан Есенқұлов алды. Үшінші орынды астаналық Айнұр Тұрсынбаева, қызылордалық Мұхтар Ниязов, оңтүстік қазақстандық Маржан Есжановалар қанжығалады. Бұдан бөлек 150 мың теңге арнайы жүлде қоры мен айтысқа қатысқан жас ақындарға 100 мың теңгеден берілді. Сонымен ордалы оңтүстікте екі күнге созылған «Наурыз» айтыстан ешкім жүлдесіз қайтқан жоқ.