Сала мамандарының сөзінше, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандарынан арнайы бригада құрылған. Олар «Южное» аталатын сауда нүктесін тексеріп жатыр.
«Балмұздақ сатқан орыннан арнайы сынамалар алынды. Ол жердегі қызметкерлерден де анамнез алдық. Тағы бір бригадамыз ауруханада әр науқаспен сөйлесіп, жеке-жеке анамнез алу үстінде. Барлығы тексерілуде. Нәтижелері болжам бойынша үш күннен кейін дайын болады», - дейді облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті бастығының орынбасары Жұмағали Медетов.
Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы балмұздақтан уланғандардың алғашқы легі Шымкент қалалық Жұқпалы аурулар ауруханасына 29 - 30 наурыз күндері түскенін айтады.
«Науқастар тоқтамай құсу мен диареяға шағымданған. Осы уақытта олардың саны 39-ға жетті. Түскендердің арасында 21-і ересек адам, 14 жасқа дейінгі 11 бала және 7 жасөспірім бар. Үшеуі аурухананың жансақтау бөлімшесіне жатқызылды. Олардың ішінде жүкті әйел мен 2 жасөспірім бар. Бүгінгі күнге барлық науқастардың жағдайы тұрақты, оларға тиісті ем-дом жасалуда. Ауруханада төсек орындары жеткілікті», - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Жақыпқызы.
Еске салайық, кешеден бері Шымкентте тұрғындар балмұздақ жеп, жаппай уланып қалған болатын. Барлығы да балмұздақты бір жерден сатып алғанын жеткізген.