15:11, 18 Мамыр 2009
Шымкенттегі беделді қылмыскерлердің ең соңғысы ұсталды ? апталық брифинг
АСТАНА. Мамырдың 18-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Мамыр айының 15 күні Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық полиция комитеті қылмыстық топтың 3 басшысы мен оның 4 мүшесін ұстап, қылмыстық әлемнің 6 беделдісін құрықтаған.
Бұл туралы бүгін журналистермен болған баспасөз мәслихатында Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық полиция комитеті төрағасының орынбасары Бекет Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның мәліметтеріне қарағанда, заңсыз айналымнан 2 «Калашников» автоматы мен 9 тапанша және 3 киләдан астам героин және 2 килә гашиш алынған. «Мамырдың 8-і күні Шымкент қаласында ұйымдасқан қылмыспен күрес бөлімінің қызметкерлері қылмыстық әлемнің беделдесі мен қылмыстық топтың 2 мүшесін ұстаған. Олардан «Калашников» автоматы мен «ТТ» тапаншасы және атыс қаруына ыңғайлап жасалған газ пистолеті алынды. Қолға түскен азамат Шымкент қаласындағы қылмыстық әлемнің беделділерінің ең соңғысы болатын. Оған тісін қайраған жауларының көптігі сонша, ол автоматпен қаруланып, жанына күзетшілер алып жүру қажет болған», деді төрағаның орынбасары. Сондай-ақ мамырдың 11-і күні Қарағанды қаласында ірі көлемде есірткі саудалап, атыс қаруын алып жүргені үшін қаладағы танымал ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы ұсталды. Одан «Макаров» тапаншасы мен 1 киләдан астам героин табылған.