Шымкенттегі «Химфармда» жаңа цех пайдалануға берілді
Ең бастысы, жаңа цехтың пайдалануға берілуі жағдайында GMP халықаралық стандарттарына сәйкес келетін Қазақстандағы тұңғыш антибиотик өндірісінің құрылу кезеңі аяқталды деуге болады. Бұл жоба - SANTO компаниясын дамудың жаңа деңгейіне шығаруды, сондай-ақ тұтынушыларды қолжетімді әрі сапалы отандық дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуге қауқарлы инновациялық, экспортқа бағдарланған толық циклді өндірісті құруды көздейтін ауқымды инвестициялық бағдарламаның аясында жүзеге асырылып отыр. Бұған қоса, бұл - осы компанияда ампула мен инфузияларды өндіретін цех іске қосылғалы бері жүзеге асырылған маңызды жоба, деп жазады «Айқын» газеті.
Жаңа цехтың жобасы Polpharma тобы мамандарының қолдауымен жүзеге асырылды. Мұнда технологияның стандартты тәртібін сақтаумен қоса, антибиотик өндірісін толығымен зарарсыздандырып, өнімді қоршаған орта мен басқа бөлшектерден ластанудан қорғау айрықша талап етіледі. Дәл осы мақсатта цефалоспорин антибиотиктері өндірісі заманауи жоғары сапалы жабдықтармен жабдықталып қана қоймай, осындағы шағын мөлшерлеуіш машиналардың, құтылар мен тығындардың зарарсыздануы, суды дайындау, ауаны желдетуге байланысты тазалыққа қойылатын талаптардың толық сақталуы қамтамасыз етілген.
- Бүгін біз цефалоспорин антибиотиктерінің шығаруға қабілетті жаңа өндірісті іске қосып отырмыз. Бұл қадам өз кезегінде фармацевтикалық саланың инновациялық даму қозғалтқышы екендігінің, сондай-ақ «Химфарм» АҚ-тың заман талабына сай дұрыс бағытта келе жатқанының айғағы. Қазіргі күні біздің компания жылына зарарсыздандырылған антибиотиктердің 28 миллион құтышасын шығарады. Мұнда антибиотиктердің сан алуан түрлері өндіріледі. Ал бүгіннен бастап антибиотиктердің цефалоспорин тобының 14 түрін өндіруді қолға алдық. Ең бастысы, біздің зауытта өндірілетін антибиотиктердің барлығы дерлік Қазақстан мен бірқатар көршілес елдердің амбулаторлық және стационарлық емдеу мекемелерінде кеңінен қолданылады. Біздің ұжым еуропалық, яғни әлемдік стандарттарға сәйкес келетін антибиотик өндірісін іске қосу арқылы осында шығарылатын отандық өнім көлемін ұлғайтып ғана қоймай, экспорттық сатылым көлемін де анағұрлым арттыруға мүмкіндік алып отыр. Біз, «Химфарм» зауытының ұжымы SANTO компаниясын тұрақты дамудың әлемдік озық деңгейіне шығаруға мүмкіндік беретін тағы бір жобамыздың сәтті аяқталғанын айрықша мақтан тұтамыз, - деді жаңа цехтың ашылу салтанатында компанияның бас директоры Ижи Урбанец.
SANTO халықаралық сауда белгісімен өнім шығаратын «Химфарм» АҚ-тың басшысынан соң, сөз алған Polpharma тобы бақылау кеңесінің төрағасы Ежи Старак шымкенттік дәрі-дәрмек өндірушілерді заманауи жаңа фармацевтика цехының ашылуымен құттықтап, зауыттың Қазақстанның фармацевтика саласындағы ең үздік көшбасшы екендігін атап көрсетті.
- SANTO компаниясының инвестициялық бағдарламасы аясында жүзеге асыруды белгілеген ауқымды әрі аса маңызды міндеттемелерді нәтижелі атқарып отырғанын қуанышпен атап өткім келеді. Ал зарарсыздандырылған антибиотик өндірісі аталған бағдарламаның өте маңызды да қажетті бағыттарының бірі екендігі даусыз. SANTO-ның «Химфармды» технологиялық және өнеркәсіптік әлеуеті мықты компанияға айналдыруға бағытталған ұмтылысы оның халықаралық бәсекедегі имиджінің көтерілуіне жағдай жасап қана қоймай, Қазақстанның ұлттық фармацевтика нарығындағы көшбасшылық рөлін барынша нығайта түсетіндігіне сенімдімін. Өйткені компания өзінің атқарған қызметі арқылы өндірілетін өнімнің сапасына, қауіпсіздігі мен тиімділігіне басты көңіл бөлетіндігін дәлелдеп отыр, - деді Polpharma тобы бақылау кеңесінің төрағасы Ежи Старак.
Әсілінде, SANTO компаниясы дәрілік заттарды шығаратын ең ірі отандық өндіруші. Қазіргі күні компания «Самұрық - Қазына Фармация» ЖШС-не арнап тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде сатып алынатын жалпы дәрі-дәрмектік заттар көлемінің үштен бірінен астамын осы зауытта өндіріп, жеткізеді. Ерекшелігі сол, «Химфарм» АҚ-тың 2011 жылы Polpharma халықаралық фармацевтикалық тобының құрамына кіруі нәтижесінде, компания GMP стандарттарына сәйкес келетін заманауи фармацевтикалық өндірісті құруға зор мүмкіндік алды. Дәл сол уақыттан бастап GMP халықаралық стандарттарына сәйкес келетін жаңа фармацевтикалық өндірістерді құру және қолданыстағы өндірістерді жаңғырту бойынша ауқымды инвестициялық жоба жүзеге асырыла бастады. Ал жоспарлы инвестицияның көлемі 100 миллион АҚШ долларынан асып түседі.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың отандық фармацевтиканы заман талабына сай дамыту бағытында белгілеп берген іс-жоспары шеңберінде фармацевтикалық өнеркәсіп сапасын халықаралық стандарттар деңгейіне көтеру бағытында SANTO компаниясы 2013 жылы «SANTO академиялық бағдарламасы» атты білім беру жобасын қолға алды. Осы бағдарлама аясында Астана медициналық университетімен, Назарбаев университетінің Өмір туралы ғылымдар орталығымен, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтикалық академиясымен және Шымкент қаласындағы химиялық-биологиялық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, нақты іске кірісті. Екіжақты келісімшарт (меморандум) шеңберінде оқушылар, студенттер мен ғалымдар компанияның Польша мен Қазақстандағы өндіріс орындары мен ғылыми зертханаларында болып, болашағынан зор үміт күттіретін ғылыми жұмыстарды қолдауға арналған арнайы білім гранттарына ие болуда.
Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, SANTO халықаралық сауда белгісімен жыл сайын 1,2 миллиард дана қатты (таблетка) және капсулалы, сондай-ақ түйіршікті дәрі-дәрмектерді, 300 миллион дана ампула мен 40 миллион антибиотик құтысын, 6 миллион инфузия пакеті мен құтысын өндіретін «Химфарм» зауытының өнімдері қазіргі уақытта бірқатар алыс-жақын шетелдерге жеткізіледі. Атап айтқанда, компания өнімдері Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Моңғолия тәрізді көптеген елдердің тұрғындары арасында айрықша сұранысқа ие.
Бұған қоса, Қазақстанның фармацевтика саласының көшбастаушысына айналған «Химфарм» зауытының өндіріс қоржынында терапияның түрлі салаларындағы ауруларды емдеуге арналған 12 фарамацевтикалық топқа жататын генериктік және түпнұсқалық 200-ден астам дәрі-дәрмек бар. Бұған қоса, SANTO компаниясы Шымкент қаласының бір мыңнан астам тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жұмысшылар да, инженер-технолог мамандардың барлығы да мұнда қажетті әлеуметтік жағынан барынша қорғалып, қажетті көмектермен қамтылған. Бұл - компания басшылығының әлеуметтік жауапкершілікті терең сезінуінің жарқын көрінісі.