Шымкенттегі кілем фабрикасы 3 млн. шаршы метр кілем тоқыды
Бүгінде компания өнімдерін Ресей, Қырғыстан, Тәжікстан мен Азербайжан сынды елдерге саудалауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан кілем фабрикасы қазақстандық кәсіпкерлер мен кілем шығаратын «Kartal Carpets» атты түрік компаниясымен бірігіп 2013 жылдың қазан айында іске қосылған. Бүгінде 240 адам жұмыс істейтін фабриканың жылына 5 млн. шаршы метр кілем тоқып, 4 мың тонна полипропиленді кілем түгі жібін шығаруға мүмкіндігі бар. Бастапқыда 1,7 млрд. теңге көлемінде инвестиция салынған өндіріс орны өткен жылы 3 млн. шаршы метр кілем тоқыған. Мұнда өндірістік қуаты тәулігіне 9 мың шаршы метрге дейін кілем тоқитын «Van De Wiele» фирмасының 7 станогы мен полипропилен жіптерін иіретін Франция, Германия елдерінің заманауи құрал-жабдықтары орнатылған.
Айта кетейік, кілемдер синтетикалық пропилен жіптерінен дайындалады. Полипропилен жібі әлемде қолданысы ең көп таралған материал болып табылады. Ол жіптің ерекше қасиеттерінің бірі - ширатылмайтындығы. Яғни, иірілмеген жіп кілем тоқудағы шығынды мүмкіндігінше азайтады. Соның арқасында, кілем шығарудың жұмысын жеңілдетеді. Бүгінде аталмыш кәсіпорында «Бал текстиль» брендімен мың түрлі кілем тоқылып, «BCF», «Heat-Set», «Frize» маркалы полипропилен жіптері иіріледі. Нәтижесінде, өндірілген өнімдердің жоғары сапасы мен тиімді бағасы, алуан түрлі дизайндық үлгі топтамаларының арқасында фабрика ұжымы 2014 жылы республикалық «Алтын Сапа» конкурсында «Халық тұтынатын ең үздік тауар аталымы» бойынша екінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Ал 2016 жылы Женевада өткен Халықаралық BID сапа конкурсында «GOLD» номинациясының иегері атанды.