Мамандардың айтуынша, жаңа жүйені енгізу жобасы бірнеше кезең бойынша жүзеге асырылатын болады. Алдымен «ақылды» бағдаршамдар орнату қолға алынып отыр. Олар кептеліс болмау үшін жүргізушілерді көлік қозғалысы аз көшелерге бағыттайды. Бүгінде мұндай бағдаршам қаланың Адырбеков пен Жібек жолы көшелерінің қиылысында орналасқан. Мәселен, осы жылы шым шаһарға 12 бағдаршам орнату жоспарланған болса, оның ішінде екеуі «ақылды» бағдаршам болып отыр. Екінші кезең - фото және бейнежазба жүйесі. Бұл бойынша Шымкент қаласында барлығы 992 фото-бейнежазба құрылғылары орнатылған. Соның ішінде 479 камера жол ережелерін бұзған көлік құралдарын анықтаса, 513 камера жалпы шолуға арналған. Барлық бейне бақылау камералары қалалық Ішкі істер басқармасындағы Шұғыл басқару орталықтары арқылы жіті қадағаланады. Бұдан бөлек, жаңа жүйеде қоғамдық көліктерді бақылау және электрондық билет мәселесі де қаралған. Мәселен, Шымкент қалалық қоғамдық көлік желісі 78 бағыттан тұратын болса, барлық автобустар деректерді нақты уақыт режімінде мәлімет беру құрылғысымен (GPS) толығымен жабдықталған. Ол үшін «Диспетчерлік қызмет орталығы» жұмыс істейді. Ал, қаладағы қоғамдық көліктерге электронды билет жүйесін ендіру бойынша «SMART-ЖКХ» ЖШС-гі мен ағымдағы жылдың ақпан айында меморандум жасалған.
Тұтастай алғанда, облыс әкімдігі тарапынан Интеллектуалды көлік жүйелерінің негізгі компоненттерін ендіру және дамыту бойынша жұмыстар бекітілген Жол картасына сәйкес, республикалық бірыңғай жүйеге кезең-кезеңімен интеграциялау арқылы жүзеге асатын болады.
Айта кетейік, өңірде өткен жылы тіркелген автокөліктердің саны 500 мыңнан асып жығылады. Осыған байланысты, облыс көлемінде, соның ішінде Шымкент қаласында жол кептелістерін реттеу мәселесі қолға алынып отыр.