Шымкенттегі Қошқар-ата өзенінің жағалауы көркейе түседі

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкент қаласының жаңа келбеті бойынша жасалған жобалармен танысты. Аймақ басшысына қала əкімі Нұрлан Сауранбаев «Ескі қаланы жаңғырту» жобасы аясында Қошқар ата өзенінің жағалауында бой көтеретін «Қошқар ата» тұрғын үй кешенінің макетін көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңадан салынатын тұрғын үй кешенінің құрылысы үш кезең бойынша жүргізіледі. Жоба толығымен жүзеге асса, 208 мың шаршы метрді құрайтын, 3976 пәтерлі 61 көп қабатты тұрғын үй ел игілігіне тапсырылады. Облыс әкімі бұл күні сондай-ақ «Қарасу» және «Қошқар-ата» өзендерінің бойында жүргізілетін абаттандыру жұмыстарының жоспарымен де танысып шықты.

Жоба бойынша онда алдымен өзен жағалауының енінен 10 метр, ұзындығы 1200 метр жер халық қыдыратын демалыс орнына айналады. Бүгінде аталған жоба аясында Ордабасы алаңынан Өзбек көшесіне дейінгі өзен бойымен жүріп өтетін 300 метр жаяу жүргіншілер жолы көгалдандырылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілген.

Алдын ала дайындық жұмыстары кезінде мамандар өзен бойын заңсыз иемденіп алған 96 жер учаскесін анықтаған. Кейіннен халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қажетті жерлер мемлекет қажеттілігіне қайтарылуда. Осынау жобалармен танысып шыққан аймақ басшысы халықты атқарылып жатқан жұмыстарға түсіністікпен қарауға шақырды.

«Қошқар ата Шымкенттің тарихи орталығы саналатын көрікті мекендердің бірі. Жаратылыстың мұндай ғажап мекенін бүкіл халықтық игілігіне айналдыруды басты мақсат етіп отырмыз. Өзеннің жағалауын абаттандыруды тек қана экологиялық тазалық деп түсінбеу керек. Мұнда туризм индустриясы деген үлкен мәселе жатыр. Қонаққа келген шетелдіктердің тамашалауына сәулетті ғимараттар аздық етеді. Олар негізінен тарихи-мәдени жерлерге көбірек қызығушылық танытады. Осы ретте Қошқар ата өзенінің үлкен мәнге ие екенін түсінуіміз керек. Яғни, осы арқылы туристерді көптеп тартуды көздеп отырмыз», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Айта кетейік, Қошқар ата өзені ерекше мәдени-тарихи маңызға ие, киелі мекен деп танылады. Себебі, өзен жағалауында Қошқар ата кесенесі орналасқан. 2010 жылы жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын аумақ мәртебесін алды. Өзеннің бастауынан Ордабасы алаңына дейінгі аумаққа шамамен 1,5 шақырым жерде қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, абаттандырылды. Ал жалпы Қошқар ата өзенінің ұзындығы 78 шақырымды құрайды.