Шымкенттегі мектептердің директорлары уақытша тергеу абақтысын көріп шықты

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкенттегі мектептердің директорлары уақытша тергеу абақтысын көріп шықты.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс - қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен өткен шарада білім саласы қызметкерлері абақтыдағы жатқандардың тыныс-тіршілігімен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу керектігі, бұл бағытта арнайы сараптама жүргізу мен қайта қалпына келтіру қажеттігі айтылған болатын. Осыны ескерген департамент қызметкерлері білім саласындағы жемқорлықты жоюдың жолдарын қарастырған.

Аталған шараны ұйымдастырудағы мақсат - жемқорлық қылмыстары өршіп кеткен білім беру саласы басшыларын түрмемен жақын таныстыру болған. Директорлар сотталғандар отыратын камераға кіріп көріп, базбірі сырттан бақылап тұрды.

Айта кетейік, жалпы жыл басынан бері шымқалада білім беру саласының 4 қызметкері пара алып ұсталған болатын. Жемқорлық етек жайған сала басшыларын түрмеге шақыру алдағы уақытта да жалғаса бермек. Осылайша сала мамандары белең алған жемқорлықты ауыздықтауға ниетті.