Стадион адам шошырлық күйге түскен. Кез келген жан бас қақпадан ішке енген бойда салауатты өмір салтын қалыптастыруға емес, керісінше, жұмысын тоқтатқан, бос қаңырап қалған зауыттың аумағына кіргендей болады.
Аумағы 3 гектар жерді алып жатқан нысанда көңіл жадыратар ештеме жоқ. Оң қапталдағы шағын ғимарат тозып кеткен. Кезінде мұнда ауыр атлеттерге арналған спортзал болатын. Қазір, оның сыйқы болса, мынау, - дейді Ярослав Антонов.
Айтпақшы, Ярослав жеңіл атлетиканың чемпионы екен. Параолимпиада ойындарында Қазақстанның туын желбіреткен спортшы. Ол осында 16 жылдан бері жаттығады.
Жүгіру алаңы талапқа сай деп айтуға ауыз бармайды. Күтіп ұстамағандықтан, асфальтің беті жарылып кеткен. Жарық пайда болған жердің астынан ажырақ шөптердің басы қылтиып өсіп тұр. Бірақ, соған қарамастан, мұнда ауық-ауық спортшылар келіп, жаттығатын көрінеді.
Әр жерде шашылған тұрмыстық қалдықтарды көру қиын емес. Бос қалған шыны ыдыстар мен пластмасса құтылар лақтырып тастаған жерде жатыр.
Кезінде стадионның әкімшілігіне арнап салынған қос нысан кеңестік кезеңнің көзіндей әлі тұр. Есіктері жабық тұрғанымен, терезелері сынып, кейбірі шытынап кеткен.
Жанға қолайлы ештеме таппаған спортшы қолдан жаттығу құралын өзі жасап алған.
Футбол алаңын шөп басып кеткен. Тұрақты суарылмағандықтан болар, ойын алаңшасының әр жері топыраққа айналған. Доп қақпасы жоқ деуге болмайды, бар, бірақ, ойнауға келмейді. Енді бір шағын футболдың қақпасы жерде төңкеріліп жатыр.
Стадионға айналдыра жарық беретін электр бағаналарынан тек үшеуі ғана қалыпты. Оның өзінде шамдары сынып, енді бірі қисайып жерде жатыр.
Соған қарамастан, мұнда ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, футболдан жарыс өткен.
Спортты жанына серік еткен жеткіншектер мына бір ұсқынсыз сарайдың ішінде жаттығатын көрінеді. Бар-жоғы 10 шаршы метрге арналған бөлменің жартысы матамен жабылған. Мұнда келушілер өздері үшін мүмкіндігінше қолайлы жағдай жасағаны көрінеді. Оның өзінде шатырынан су ағып, құлап қалудың алдында тұр.
Жергілікті «Отырар» телеарнасы таратқан ақпаратқа сәйкес, алдағы уақытта мұнда спортшылар үшін бар жағдай жасалмақшы. 2016 жылдың соңында қала басшылығы спорттық нысанды 156 млн. теңгеге сатып алған. Ал ол бұған дейін, аты әйгілі қорғасын зауытының балансында болыпты. Айтуларынша, мұнда екі спорт залы, жекпе-жекке арналған орын және жоғарғы спорт мектебінің әкімшілік ғимараты салынатын болады.
Алмас Сұлтан