Шымкенттегі Мұз сарайында халықты салауатты өмір салтына шақыратын акция өтті

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкенттегі Мұз сарайында халықты салауатты өмір салтына шақыратын акция өтті. Қалалық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы мен Ішкі істер департаментінің Есірткіге қарсы күрес басқармасы ұйымдастырған шарада нарколог-дәрігерлер тұрғындарды қабылдап, мамандар есірткінің зиянын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақпараттық іс-шара барысында есірткіге қарсы күрес басқармасы қызметкерлерінің атқарылып жатқан жұмысы туралы баяндалды. Акцияға келген тұрғындар сондай-ақ, қалалық №8 қысқы спорт түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спортшыларының өнерін тамашалады. Спортшылар мұз айдынында мәнерлеп сырғанап, шорт-трек әдіс-тәсілдерін көрсетті. Олар өзара сайысып, қала тұрғындарына ерекше ойын өрнегін паш етті. Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Қалалық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының өкілдері мұз айдынында өнер көрсеткен таланатты жастарға түрлі сыйлықтар тарту етті.