Салтанатты жиында ардагерлерге құрмет көрсетіліп, қоғамдық өмірге белсенді атсалысып жүрген қарттар марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Партия филиалының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов партия белсенділерін еліміздің ұлық мерекесі-Тәуелсіздік күнімен құттықтап, ұлық мерекенің маңыздылығына тоқталды. Еліміздің еңсесін көтеріп, іргесін бекіте түсуіне елеулі үлес қосып келе жатқан азаматтардың еңбегін атап өтті.
«Тəуелсіздік күні – Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке. Біз бабалар аңсаған бейбіт және тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Ынтымақты – ұран, татулықты – ту еткен бейбіт халқымыз осы уақыт аралығында толағай табыстарға жетті. Бір шаңырақтың астында тұрып жатқан барша халқымыздың достығы берік, бірлік мәңгі жасай берсін. Әрбір отбасына бақыт, Отанымыз – Қазақстан Республикасының игілігі жолында табыс тілеймін»,- деді Бахадыр Нарымбетов.
Партия филиалының бірінші орынбасары сондай-ақ, партия бағдарламаларын орындауда белсенділік танытып, ел игілігі жолындағы бастамаларды іске асыруда еселі еңбек еткен бірқатар азаматты марапаттады. Сонымен қатар «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен Бұхарбай Парманов наградталды.