Шымкенттегі ОҚМУ университеті ҚазҰАУ-мен әріптестігін нығайтты

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА Вице-президенті, академик Тілектес Есполов бастаған делегация М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде болды. Онда оқу орны басшылығымен, оқытушы-ғалымдармен және студент жастарымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу барысында ҚазҰАУ ректоры Тілектес Есполов отандық агроөнеркәсіптік кешенінде білім, ғылым және өндіріс интеграциясын дамыту мәселесін қозғап, осы тақырып аясындағы ізденістері мен ұсыныстарын ортаға салып, арнайы дәріс оқыды. Тараптар өзара пікір алмасып, екі университет аралығындағы жан-жақты ынтымақтастық байланысты нығайту жөнініде уағдаласты. Өзара тәжірибе алмасу мәселелерін талқылап, екі университет арасындағы әріптестік байланыстарды нығайтуға жаңа жол ашатын меморандумға қол қойды. Мазмұнды кездесу аясында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Дария Қожамжарова ҚазҰАУ басшысына «М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры» атағын берді. Келген қонақтарға жылы лебізін білдіріп, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің әлемдік деңгейдегі университетке трансформациялану стратегиясын тиімді іске асырудағы ілгері қадамдарына табыс тіледі.

Айта кетейік, Қазақ ұлттық аграрлық университеті ауылшаруашылық мамандарын дайындау және біліктілігін арттыру бағдарламасын әзірлейтін Қазақстандағы алдыңғы қатарлы жоғары мектеп ретінде саналады. Сондай-ақ, ғылым мен білімді коммерцияландыру, технологиялар трансфертін экожүйемен өзара әрекеттесуді жеделдететін Агротехнологиялық және Сушаруашылығы Хабы болып отыр. Ал, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті оңтүстік өңірде ғана емес, еліміздегі ғылыми-білім беру және инновациялық орталыққа айналды. Оқу орнында 2018-2019 оқу жылында 700 миллон теңгеден астам сомада 45 гранттық ғылыми жоба жүзеге асырылған. Оның ішінде 300 миллион теңгеден астамы - ғылыми, ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға арналған. Университет QS әлемдік рейтингінің ТОП-500 құрамында 491 орынға ие. Ұлттық рейтингтердің нәтижелері бойынша университет еліміз бойынша үздік көппрофильді жоғары оқу орындарының үштігіне кіреді.