Шымкенттегі саябақта тоқ соғып, ауыр жарақат алған бала ауруханадан шығарылды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -  Шымкенттегі саябақта  тоқ соғып, ауыр жарақат алған бала ауруханадан шығарылды. Үш жасар Ринат Әуелтайды анасы Арыс ауданына алып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық балалар ауруханасында бір жарым айдан бері ем қабылдаған бүлдіршінге күйік бөлімінде бірнеше ота жасалды. Анасы Жанат Әзімованың сөзінше,  дәрігерлер санындағы теріні қолға жапсыру үшін тағы бір отаны жоспарлаған көрінеді. Алайда күйген жерден табиғи түрде ет өскен соң, ота жасалмайтын болған.

«Дәрігерлер алдағы уақытта жазылып кетеді деген сенімде. Бірақ оған ешкім кепілдік бере алмайды. Қолы қашан қимылдайтыны да белгісіз. Мамандардың айтуынша, бір жыл немесе үш жылдан кейін болуы мүмкін. Немесе мүлдем қимылдамай мүгедек болып қалады деген болжамдар да айтылды. Қазір қолы гипстелген. Оны тек үш айдан кейін шешпек. Сонан соң ұзақ уақыт массаж, физиотерапия сияқты  ем қабылдауы керек»,- дейді баланың анасы Жанат Әзімова.

Еске салайық, осы жылдың қыркүйек айында үш жасар Ринат анасымен бірге  Тәуелсіздік саябағында қыдырып жүрген жерінде  тоқ соққан болатын. Абайсызда құлап қалған бала ашық тұрған сымға қолы тиіп, оң қолы қатты күйіп қалған еді. 4-ші дәрежелі күйік шалған балаға облыстық балалар ауруханасында бірнеше рет ота жасалды.