Шымкенттегі сыра зауытының бұрынғы қожайыны Тоқтар Төлешов қайта сотталатын болды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттің сыра зауытының бұрынғы қожайыны Тоқтар Төлешов қайта сотталатын болды. Еңбекші аудандық сотында енді жазасын өтеушінің экономикалық қылмыстары қаралады. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Белгілі болғандай, Тоқтар Төлешовке қатысты сот отырысы 10 шілде күні басталады. Оған Қылмыстық кодекстің қаржылық және экономикалық қылмыстарға қатысты баптары бойынша айып тағылмақ.   Атап айтқанда, салықтан жалтару, қаржылық және бухгалтерлік есепте жалған мәліметтер беру, сондай-ақ аса ірі көлемде пара беру деректері бойынша.

Төлешовке осы қылмыстар жасауға қолғабыс еткен тағы 8 адам да айыпталушылар қатарын толықтырады. Оның үшеуі - әйел. Олар - сыра зауытының бұрынғы қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлер. Айта кетейік, сот отырысына шақырылатын шенеуніктердің ісі  пара алған деген бап бойынша қаралады.