Шымкенттен Сенат сайлауына үш кандидат түседі

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының депутаттығына кандидат ретінде Шымкентте үш үміткер тіркелген. Олар қалалық мәслихат депутаттарының алдында сайлауалды бағдарламаларын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Олардың бірі – «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Әлтеев Бауыржан Ілімшеұлы өзін-өзі ұсынған. 1955 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген үміткердің мамандығы – заңгер, инженер-механик.

Екінші кандидат – Бекназаров Нұрлан Құдиярұлы 1964 жылы 12 маусымда туған. Мамандығы – инженер-құрылысшы, инженер-экономист, экономист-қаржыгер, заңгер. 2018 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты.

Үшінші үміткер – қалалық мәслихаттың депутаты Елшиева Альбина Балғабайқызы. 1977 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген.

Жалпы, Шымкенттен 6 азамат сайлауға қатысуға ниет білдірген. Бірақ, оның үшеуі орталық сайлау комиссиясының қойған талабын орындай алмаған. Үгіт-насихат жұмыстары үшін әр кандидатқа бюджеттен 550 мың теңге бөлінген.

«Қалған үш үміткерімізді тіркеуден бас тарттық. Өйткені, біздегі талаптардың бірі – олар жарна төлеуі керек. Екі үміткеріміз сол жарнаны төлемегені үшін тіркелмесе, тағы бір үміткеріміз тиісті қол жинаған жоқ», - деді қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Қайырбек Құнанбаев.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының сайлауы 14 қаңтар күні өтеді.