Шымкентті егеуқұйрықтардан құтқару жүріп жатыр

None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте бес жылда алғаш рет егеуқұйрықтармен күреске 14 млн. теңге бөлініп отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Кеміргіштер қала маңындағы жеке секторды айтпағанда, орталықтағы көпқабатты үйлерге әбден орнығып алған», - дейді қала тұрғындары.

Шаһар әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл шенеуніктер бюджеттен 14 млн. теңге бөлген. Оның 12 млн.-нына дәрі-дәрмектер сатып алынды. Зарарсыздандыру жоспарланып отырған аумақтың жалпы көлемі 5,7 млн. шаршы метрді құрайды. Сатып алынған 17 млн. уланған дәндер қоқыс жәшіктері тұрған алаңдарға, өзендер мен арналардың жағаларына орналастырылады. Жұмыстарды 10 желтоқсан күні аяқтау жоспарлануда.

Бұған дейін, жыл басынан бері егеуқұйрық тістеген 32 адам зардап шеккені туралы хабарланған болатын.  Кеміргіштер әсіресе Шымкенттің бейберекетсіз қоқыс үйінділері мен су қоймалары бар үш ауданында кең тараған.