Шымкенттік ақ халаттылар еліміздің үздік дәрігерлері қатарынан көрінді

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры ұйымдастырған «МӘМС: Қазақстан медицинасының трансформациясы» атты форумда жалпы тәжірибе дәрігерлері арасында өткен байқауда шымкенттік дәрігерлер «Ең үздік отбасылық дәрігер мен оның командасы» номинациясымен марапатталды. №9 қалалық емхананың жалпы тәжірибе дәрігері Жұмагүл Исабаева республикалық байқаудың жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, үздік дәрігер атанған маманның жұмыс өтілі - 8 жыл, І санаттағы дәрігер. Жұмыс барысында жақсы көрсеткішерге жетіп, тұрғылықты тұрғындар арасында және ұжымда үлкен беделге ие, білікті маман саналады.

Сондай-ақ, осы байқаудың қорытындысы бойынша «Біздің ең үздік отбасылық дәрігері және оның командасы» номинациясы бойынша №8 Шымкент қалалық емханасының қызметкерлері Салтанат Бұланбайқызы, медбике Айнұр Раш, Мадина Кенжебаева, Ұлжалғас Төлепбергенова, акушер Гулдана Найманбай, психолог Севара Мамырова және әлеуметтік қызметкер Назгүл Бименова марапатталды.

Еске салайық, Қазақстанда мыңдаған отбасылық дәрігер күн сайын күрделі және жауапты жұмысты атқарып жүр. Осындай бір дәрігердің жұмыс жүктемесінде отбасындағы әже, ата, бауыр, әке, ана сынды 1500-ден аса пациент бар.