Шымкент қалалық мәслихатының кезекті отырысында 19 мәселені қараған депутаттар ескі үйлерді жаңарту шешімін қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Сессия барысында қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов «Өңiрлерді дамыту-2020» бағдарламасының орындалу барысын сөз етіп, тұрғын үй инспекциясы бөлімінің есебіне тоқталды. Ол тозығы жеткен көпқабатты үйлерге көңіл бөліп, жөндеу жұмыстарына қаражат бөлінетінін атап өтті.
«Өңiрлерді дамыту-2020» бағдарламасы шеңберінде 2011-2016 жылдар аралығында 110 үйде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, оған 1 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалды. Биыл тағы 42 үйде жөндеу жұмыстары жасалады, - деді Б. Жанбосынов.
Депутаттар бас қосқан жиында сондай-ақ қаладағы қоғамдық көлік саласының өзекті мәселелері қозғалды. Қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртайдың айтуынша, Ынтымақ, Қазығұрт, Мирас, Текесу, Бадам-2, Айнатас, Жаңаталап, Ақжар, Ақтас, Өтеміс, Абдулабад, Достық-2, Асар-2 шағынаудандарында қоғамдық көлік бағыттарының жұмысын ұйымдастыруда қиындықтар туындаған.
«Сол себепті, аталған шағынаудандарға баратын әлеуметтік маңызы бар автобус бағыттарының жұмысын ұйымдастыру мақсатында «Шымкент bus» ЖШС-мен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар 10 бағыттың қозғалыс сызбалары дайындалып, бекітілді. Әлеуметтік маңызы бар бағыттарды айқындау жұмыстары аяқталған соң «Шымкент bus» ЖШС-ге жаңа автобустар алып беру жоспарлануда»,-деді Қ.Нұртай.
Сессияның күн тәртібінде қаралған мәселелерге мәслихат депутаттары бірауыздан қолдау танытты.