Шымкенттік ғалымдар су қоймаларындағы су деңгейінің көтерілуін бақылайтын құрал ойлап тапты

АСТАНА. Сәуірдің 28-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Алматы облысы Ақсу ауданы Қызылағаш ауылында болған су тасқыны оқиғасына байланысты Шымкент қаласындағы «Мұнай-Avtomatic» компаниясының мамандары су қоймаларындағы су деңгейінің көтерілуін бақылай алатын және ол жайында жарық, дыбыс және радио дабылдарымен құлақтандыратын құрал ойлап тапты.

Бұл жайында бүгін BNews.kz порталында вице-премьер-индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің қатысуымен өткен оnline-конференцияда белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жаңалықты естіген Ә. Исекешев Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі отандық ғылымның бұл әзірленімімен танысуға дайын екенін атап көрсетті. «Біз оларды ертең күтетін боламыз. Егер жоба олардың меншігі болса, біз оны патенттеуге көмектесе аламыз. Шымкентте технопарк бар, аталмыш өндірісті жолға қоюға қол ұшын беретін боламыз», деді Ә. Исекешев.

Айта кетйік, ағымдағы жылғы наурыздың 12-де Алматы облысының Ақсу ауданында ауа температурасының көтерілуінен және жауынды-шашынды болуынан Қызылағаш су қоймасының бөгеті бұзылып кетіп, ауылды су басқан болатын. Соңғы мәліметтер бойынша соның салдарынан 45 адам қаза тапты.