Шымкенттік кәсіпкер: Сандық технология өмірімізді сапалы ете түспек

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауы бәрімізге де жаңа бағыт-бағдар беріп, әрі қарайғы істерімізге қанат бітірді. Бұл  пікірді Шымкенттік кәсіпкер әрі облыстық мәслихаттың депутаты Әбілқасым Досболовтың білдірді.

Оның сөзінше, Мемлекет басшысы өз Жолдауы арқылы болашақта  іске асыруға тиісті болған маңызды стратегиялық қадамдарды белгілеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кәсіпкердің пікірінше, әлемнің болашағы қайда кетіп бара жатқанын тамыршыдай тап баса білген Мемлекет басшысы осы Жолдауында да ерекше саяси көрегенділігін байқатты.

«Жолдауда баяндалғандай, экономикамыз өрге баспай, әлемдегі озық отыз елдің қатарына қосыла алмайтынымыз анық. Елбасының қоғамды ұстап тұрған барлық салаларға цифрлық технологияны енгізіп, сол арқылы әлемдік бәсекеге қабілетті болуымыз керек деген мағынадағы сөздері маған ерекше ұнады. Шындығында да электронды технологиялар дәуірі жүріп тұрған заманда оны күнделікті тіршілігімізде жан-жақты қолданып, игілігін көре алмасақ, ешқашан дамыған мемлекет ретінде алға озып шықпаймыз»,- дейді Әбілқасым Досболов.

Кәсіпкер, сондай-ақ, Президент Жолдауындағы индустрияландыру саясаты туралы айтқан тұсы көңілінен шыққанын айтады.

«Жолдауда Елбасы индустрияландыру саясаты  экономиканың флагманына айналуы тиіс деген тапсырма жүктеді. Расында да Қазақстанның бүгінгі жеткен жетістігі ең алдымен  Мемлекет басшысының пәрменімен іске асырылған индустрияландыру бағдарламасының арқасында мүмкін болды. Міне, соның нәтижесінде қаншама жаңа өндіріс орындары пайда болды. Ол өз кезегінде мыңдаған қазақстандықтар үшін тұрақты жұмыс көзіне айналды. Осы бағыттан таймасақ, еліміздің келешегі кемело болары сөзсіз. Өйткені, қазіргі дамыған мемлекеттердің бәрі де осы жолмен жүріп өткен», - дейді облыстық мәслихаттың депутаты.