Шымкенттік корпорация басшылығы бизнес үшін 1 гектар жерді заңсыз беріп жіберген

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттік корпорация бизнес үшін 1 гектар жерді заңсыз беріп жіберген. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Дәурен Ерғарин Facebook парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет құрылыс саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдауды жалғастыруда.

2019 жылы «Shymkent» әлеуметтік-кәсіперлік корпорациясының лауазымды тұлғалары тарапынан инвестициялық жобаны іске асыру үшін бизнес субъектісіне аукционсыз 1 гектар жер берілген. Бұл жер учаскесі бұрын кәсіпкерден мемлекет мұқтажы үшін алынып, бірақ кейіннен бизнестің басқа өкіліне табысталған. Тексеру барысында аталған учаскеде салынған коммерциялық ғимаратты инвестициялық жобаға жатқызуға болмайтындығы анықталды.

«Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органның және «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту және іске асыру жөніндегі барлық шешімдері, сондай-ақ құрылысты қабылдау актісі сот тәртібімен жарамсыз деп танылды. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ» - деп жазды Дәурен Ерғарин.