Арай Есенбектің айтуынша, Шымкент қалалық Жастар рерурстық орталығы басшысының бұрынғы орынбасарына ешқандай қысым жасалмаған.
«Ол жұмыстан кететіні туралы шешімді өзі қабылдады. Бұл жерде оның үш жыл бұрынғы Telegram-каналындағы әйелдер туралы жазбасының қатысы жоқ. Ол жазба - өзінің жеке пікірі»,- деді Арай Есенбек.
Айта кетейік, бұған дейін шенеуніктің әйелдерге қатысты жазбасы әлеуметтік желілерге тарап кеткен болатын. Ондағы пікірі жұртшылықтың наразылығын туғызған.
Кейіннен Данияр Алан бұл жазбасының үш жыл бұрын жазылғанын, оның қазіргі жағдайға еш қатысы жоқ екенін айтып түсіндірген.
«Әлгі шу болған пост Телеграмда жазылған. 2017 жылы. Кімге, не үшін архив қопарудың қажеті болғанын білмедім, бірақ шығып кетіпті. Түсіндіріп көрейін. Телеграм канал таза өзім үшін ашылған. Өзімнің ойларымды, басымнан өткенін кейде қалжың, кейде шынымен жазып отырамын. Дәл сол постты өзгелердің қате түсінгені үшін кешірім сұрайын. Онан соң жұмыс пен жеке өмірді ажырата білу керек деп ойлаймын. Офлайнда көрген, таныс-біліс адамдардың мен туралы пікірін тыңдап, зерттеп, зерделеп, сосын ғана адам туралы қорытынды шығарсаңыздар. Егер жұмысыма байланысты кез келген сұрақ бойынша кез келгеніңіз келіп сұрап, сонан соң менің жұмысыма байланысты кінәрат айтсаңыздар, ол - басқа әңгіме.
PS: Кеше айтқанмын. Түсірілген роликті менімен байланыстырмаңыздар. Кінәліні басқа жақтан іздеңіздер» делінген шенеуніктің жеке парақшасында.
Еске салайық, бұған дейін Данияр Алан қызмет атқарған Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығы қысқа белдемше киген қыздың видеосын жариялап, сынның астында қалған еді. Онда қысқа юбка киген қызға такси жүргізушісі «жезөкшеге ұқсайсың» деп айтқаны белгілі. Бұл сөз жұрттың наразылығын туғызып, желіде қызу талқыланған. Кейіннен бұл ролик YouTube әлеуметтік желісінен алынып тасталды.
Ал, қаланың шенділері болса аталған бейнероликті түсіруге мемлекеттік тапсырыс бермегенін айтып түсіндірген болатын.