Ол есірткі курьері ретінде жұмысқа әлеуметтік желі арқылы орналасқан. Содан қала аумағында синтетикалық есірткі заттарын жасырын орындарға тығып келген. Тәртіп сақшылары күдіктіні қолға түсіріп, қалтасынан 9 дана сары және жасыл түсті түйіншектерге салынған есірткі заттарын тәркіледі. Сондай-ақ жасырын орындарға тығып кеткен тағы 1 дана түйіншек алынды.
«Шымкент қаласы полиция департаментінің қызметкерлері «Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасын қарқынды жүргізіп жатыр. Кезекті рейд барысында есірткі заттарын таратумен айналысқан жоғары оқу орындарының бірінің студенті анықталып, ұсталды. Оның жасы 19-да. Сұрастыру барысында, ол аталған есірткі заттарын қаладағы 3 шағынаудан аумағына жасыруға бара жатқанын айтты.
Сараптама қорытындысына сай, тәркіленген заттар 5 грамм синтетикалық есірткі екені анықталды» - делінген Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігімен (есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.