Шымкенттік жас жұбайлар жалдаған тікұшақты бір сағатқа жалға алу құны 550 мың теңге тұрады

None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттік жас жұбайлар күндізгі қыдыруларына жалдаған тікұшақты бір сағатқа жалға беру құны 550 мың теңге тұрады. Тікұшақ жекеменшік мұнайгаз компаниясына тиесілі болып шықты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

 Компанияның авиация департаменті жетекшісі Қуаныш Мұсаевтың сөзінше, жекеменшік мекеме коммерциялық қызмет көрсетуге жуырда ғана рұқсат алған.  Ал жас жұбайлардың тапсырысы алғашқысы екен.

«Соңғы кездері қаржылық қиындықтар болуына байланысты біз коммерциялық қызмет көрсету үшін рұқсат алған болатынбыз. Арнайы сайт ашып, жарнама да беріп қойдық. Ал, жас жұбайлардың  тапсырысы алғашқысы еді. Бірақ мұншалықты шу шығады деп ойламадық. Яғни, тойға келген қонақтар тікұшақты түсіріп, әлеуметтік желілерге таратып жіберіпті. Енді бізге соны кесірі тиіп кетуі мүмкін»,-дейді Қуаныш Мұсаев.

Алайда, кейін белгілі болғандай жас жұбайлар тікұшақты жарты сағатқа жалға алған.

«Біз жас жұбайларға тікұшақпен ұшу қызметін сағатына 550 мың теңгеден ұсындық. Алайда олар бұл бағаны қымбатсынып, жарты сағатқа жалдады. Қызмет ақысына 235 мың теңге төледі. Жалпы біз әуеде ұшу ережелерін бұзған жоқпыз, жерден 10 метр биіктікте ұштық. Бұл алғашқы тапсырысымыз болатын»,-деді Қуаныш Мұсаев.

Естеріңізге сала кетейік, күні кеше оңтүстік өңірінде той кортежімен бірге ұшқан тікұшақтың бейнежазбасы барлық әлеуметтік желілерге тарап кеткен болатын. Түсірілімде той кортежімен ілесіп бара жатқан тікұшақ төмен қарай түсіп, қайта көтерілген.  Әуе кемесінің ұшқыштары кортежден озып кетпей  ұшуға тырысады. Бүгін өңірдің жергілікті полицейлері осы жайт бойынша анықтау жұмыстарына кіріскен еді. Кейіннен үйленіп жатқан азамат Айтуған есімді суретші екені белгілі болды.