Шымкенттік жүргізуші көлігінің орындығына ертоқым орнатып алды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкенттік жүргізуші көлігінің орындығына ертоқым орнатып, жұртты таңқалдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желіде көлігінің алдыңғы екі орындығына ертоқым орнатып алған жігіттің видеосы тарады. «ВАЗ-2114» көлігінің жүргізушісі ертоқымның зор әсері барын айтады.

«Арнайы тапсырыспен істеттім. Өзіңді атта жүргендей сезінесің. Керемет», - дейді рөлде отырған жүргізуші.

Ал, видеоны көргендер таңқалысып, түрлі пікір білдіріп жатыр.

Бір оқырман «Бірден тежегіш басуға болмайды» деп кеңес берсе, енді бірі «ем болсын» деген тілегін жеткізген.

«Ауылдан шыққанмен, ауыл әлі одан шықпаған», «Гиннесс рекордтар кітабына ену керек», «Машина аттың жүрісін бере алмайды» деген ойлар айтылған.

Ал, қыздар жағы «юбкамен қалай отырамыз», «шұрық-тесік жолмен жүрме» деп әзілдеп, жазба қалдырыпты.


Видеодан алынған кадр