Оқиға Шымкенттың іргесіндегі Қызылсу елдімекенінде таңғы 5.30-дар шамасында болған. Белгісіз автокөлік жаяу жүргіншіні қағып кетіп, оқиға орнынан ізін суытады. Жол-көлік оқиғасына кінәлі жүргізушіні ұстау мақсатында Қаратау, Төлеби және Сайрам АІІБ-нің жеке құрамына бағыттама берілген. Жол-патрульдік полиция қызметінің барлық күшін жұмылдырған. Нәтижесінде дәл сол күні кешке 1998 жылы туған жүргізуші ұсталды. Ол «форд-транзит» автокөлігін тізгіндеген болып шықты. Күдікті сол күні-ақ қамауға алынып, тиісті сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Өңірдің тәртіп сақшылары қаза болған азаматтың 68 жастағы жергілікті тұрғыны екенін анықтады. Аталған жайт бойынша Қылмыстық кодекстің екі бабымен (345 «Көлік құралдарын жүргізуші адамдардың жол қозғалысы және көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу» және 347 «Жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу») іс қозғалып, тергеу шаралары жүргізілуде.