Ғабит Мәуленқұловтың айтуынша, аудан аумағында ағымдағы жылдың басынан бері жалпы 47 нысан іске қосылған. Атап айтсақ, 7 ірі, 12 орта және 28 шағын өндірістік-кәсіпкерлік нысандар ашылып, оған тартылған инвестиция көлемі 9,215 млрд теңгені құраған. Тиісінше, жаңа бос жұмыс орындары ашылып, 5 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы мен мемлекеттік бағдарламаларын халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында ауданның ақпараттық-насихаттық тобы кездесулер өткізген. Халықпен ашық диалог құру мақсатында әлеуметтік желілерде аудан әкімдігінің барлық қызметкерлері тіркеліп, ондағы айтылған мәселелер мен сұрақтарды назарға алу жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде, бүгінгі күнге дейін аудан әкімінің facebook және instagram парақшасына түскен 1643 өтініштің 1347 орындалған. Сондай-ақ, жиын барысында әлеуметтік көмек және мемлекеттен берілетін жәрдемақылар бойынша мәліметтерге тоқталған Ғ.Мәуленқұлов аудан аумағында көпбалалы аналар саны – 4 900 болса, олардың 351-і «Алтын алқа» және 935-і «Күміс алқа» иегерлері екенін айтты.
«Жыл басынан бері 19 «Алтын алқа» және 69 «Күміс алқа» төсбелгілері табысталып, 68 көп балалы ананың құжаттары «Алтын» және «Күміс» алқаларымен марапаттауға ұсыныс жолданды. Сондай-ақ, ауданда 12 ҰОС және 1201 тыл ардагерлері бар»,- деді Ғабит Мәуленқұлов.