Мысалға, бес балалы Ирина Попкованың өзінде және төрт перзентінде құжаттар болмаған. Тұңғышы Олеся 12 жасқа толса, кенжесі - алтыда. Тұрмысы төмен отбасының тіпті орталыққа қатынауға қаражаты болмаған. Жанұяның еш жерде тіркеуге алынбағаны прокурорлық тексеру шарасы кезінде ғана анықталды.
Қаратау ауданына қарасты қадағалау органы өкілдерінің аралаусынан кейін И.Попкованың өзіне және төрт баласына жеке құжаттар берілді.
«Тексеру барысында Қайнарбұлақ саяжайында тұратын 39 оқушы мен 13 ата-ананың жеке құжаттарының жоқтығын анықтадық. Нәтижесінде, жылдар бойы куәліксіз жүрген 52 тұрғынға құжаттар берілді. Бірінің жеке куәлігі жоқ болса, енді біреуінің әлі күнге дейін туу туралы куәлігі рәсімделмеген. Жеке құжаттарының жоғынан құқы шектеліп келген азаматтар енді мемлекеттен толыққанды көмектерін ала алады», - дейді Қаратау ауданы прокуратурасының прокуроры Ерлан Саржанов.
Қадағалау органының өкілдері құжаттандыру жұмыстарын осымен тоқтатып қоймай, әлі де жалғастыратынын айтып отыр.