Аталған бастаманың негізгі мақсаты - мектептердегі сыныптар санының жетіспеушілігін жою, басшылардың кабинеттерін оңтайландырып, бюджет қаржысын барынша үнемдеу.
«Шымкент - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қолдауымен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті білім саласы басшыларына жұмыстың жаңа форматын ұсынды.
Бұндай шаралардың жүзеге асырылуы барысымен таныстырған ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Айбек Шілманов Агенттіктің бастамасымен жүзеге асырылып отырғанын жеткізді.
«Қазіргі таңда департаментпен Шымкент қаласындағы 64 мемлекеттік мекемеде орналасқан алаңдары оңтайландырылды. Енді осы тұрғыдағы жұмыстарды бағынысты мекемелерде де жүргізу жоспарлануда» - деді Айбек Шілманов.
«Қазіргі таңда 100-ге жуық мектепте «Адалдық дүкендері» ашылды. Адалдық дүкендері дегеніміз - мектептерде мұғалімдер мен оқушылар өздеріне қажетті заттарды алып, алынған тауар үшін ақшаны кассалық жәшікке қалдырып, есеп айырысады. Яғни, дүкенде сатушы жоқ, затты сатып алушылар өз-өздеріне қызмет көрсететін болады.
Мұндай дүкендерді ашу балалардың жоғары моральдық қасиеттерін көтеруге, атап айтқанда, әдептілік, адалдық және өзін-өзі дамытуға бағытталған.
Сонымен қатар, мектеп директоры өз кабинеттерін оқушыларға босатып беру үрдісі осымен тоқтап қалмай, барлық қалалық мектептерде жүргізу жоспарлануда» - деді Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Ақерке Абылайхан.