2018 жылдың маусым айында Шымкент республикалық маңызы бар қалалар қатарына енген еді.
«2018 жылдың маусым айында Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа қол қойды және Шымкент қаласын республикалық маңызы бар қалалар санатына жатқызу Қаулысын қабылдады. Осыған байланысты Шымкент қаласының төрт ауданында аумақтық сайлау комисиялары құрылуы тиіс», - деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының Сайлау процесін ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Дәурен Ысқақов Орталық сайлау комиссиясының кеңейтілген отырысында.
«Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» конституциялық заңның 10-бабының 3-тармағына сәйкес, аумақтық сайлау комиссияларын Орталық сайлау комиссиясы құрады.
Аумақтық сайлау комиссиялары Шымкенттің Абай, әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау аудандарында ашылады.