Шымкенттің төрт көшесінде «Арбат» ашылмақ

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент қаласындағы бірқатар көшелерді жұмысшы топпен аралап шыққан облыс әкімі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев қай көшелерде мәдени демалыс орны болатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түрлі өнер адамдарының басын қосатын мәдени демалыс орны енді шаһардағы Қошқар ата бойы мен Бекет батыр, Асқаров және Бейбітшілік көшелерінің бойында орналаспақ. Бүгінде аталған көшелердегі арбаттың жобасы жасалып, аймақ басшысына ұсынылған. Сонымен қатар, бүгінгі жұмысшы топ құрамындағы облыс мәслихатының депутаты Өмірзақ Мелдеханов аталған жоба бойынша өзінің бірқатар ұсыныстарын жеткізді.

Сапары барысында облыс әкімі аталған көше бойындағы тұрғындармен тілдесіп, сол көшеде ұйымдастырылатын «Арбат» демалыс орны туралы пікірлерін тыңдады. Сондай-ақ әкім бұл жобаны жүзеге асырудың басты мақсаты ұлттық құндылықтарды дәріптей отырып, тұрғындардың қазақ халқының дәстүрі мен тарихына деген қызығушылығын ояту екенін атап өтті.

Айта кетейік, мұндай ашық аспан астындағы көрмені қолға алу идеясын өңір басшысы Жансейіт Түймебаев көтеріп, оны жүзеге асыруды қала әкімдігіне тапсырған болатын. Осылайша, таяу күндері қала орталығынан Шымкенттің өз «Арбаты» пайда болып, онда шаһар тұрғындары мен қонақтары жексенбі және мереке күндері суретшілердің көрмесін, кәдесыйлардың алуан түрлерін тамашалай алатын болады.