Шымкенттің жасыл белдеуіне 3 млн-нан астам көшеттер отырғызылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шымкенттің 2475 гектар болатын жасыл белдеуіне 3 млн 281 мың ағаш көшеттері отырғызылды, деп хабарлайды ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жасыл желектерді егу мен күтім жасау жұмысын жүргізетін «Жасыл аймақ» коммуналдық мекемесі 2 248 га жерге - 2 810 000 дана қарағаш, 125 га жерге - 416 600 дана терек, 52 га жерге - 21 700 емен көшеттерін екті. Сонымен қатар, мұнда 50 га жерге 33 мыңнан астам алма, алша, шабдалы, алмұрт сынды бірқатар жеміс көшеттері де отырғызылды.

«Жасыл аймақ» бағдарламасы аясында көшет егу жұмыстары қаланың төрт бөлігінде жүргізілді. Олар - 1 700 га алқапты алып жатқан «Айкөл», 385 га құрайтын «Ақтас», аумағы 300-ге жуық гектар болатын «Бөржар» мен 100 гектарлық «Қайнарбұлақ» учаскелері.

Осыған дейін қаладағы 2 564 га жерге ағаш көшеттері егіліп, нәтижесінде, жасыл аймақтың аумағы 5 мың гектарға жетті. Отырғызылған көшеттердің барлығы дерлік жергілікті тәлімбақтардан алынып отыр.

Алдағы уақытта көшеттерді өңірде өсіру үшін арнайы 20 гектар жерге тұқымбақ салынады. Онда қылқан жапырақты ағаш түрлері мен ақ қайың өсіру және басқада ағаш көшеттерін өсіру қолға алынады деп жоспарлануда.