Шын әдебиетті шынайы таланттар тудырады - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев

АСТАНА. Желтоқсанның 5-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Шын әдебиетті шынайы таланттар тудырады.  Бүгін  белгілі жазушы, қоғам қайраткері, сенатор Әбіш Кекілбаевтың 70-жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кешінде сөз сөйлеген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Бізде әдебиет дегенді «әсіре қызыл сөз, міншілдік пен күншілдіктің кезектен түспес кіршең қаруы деп түсінетіндер де баршылық. Ал шын мәнінде әдебиет - жаныңды жақсы әсерге бөлейтін, ойың мен санаңды сергітетін, арманың мен қиялыңа қанат байлайтын, үмітіңе жол сілтейтін құдіретті күш. Шын әдебиетті шынайы таланттар тудыратыны содан болса керек. Бұл тұрғыдан келгенде, Жаратқан Ә. Кекілбайұлына осындай мүмкіндіктер мен қабілетті қапысыз берген. Ақиық ақын Мұқағали «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын», деп жазса, Ә. Кекілбайұлы қазақтың қара сөзін жаһанданудың жаухар бөзіне орап, шындықтың шапанымен әшекейлейді»,  деді Елбасы.

 Мемлекет басшысының айтуынша, 1982 жылы Германияның атақты  баспасы ХХ ғасырдың үздік жүз қаламгерінің тізімін жасап, портреттерін түзген. Сол тізімде М. Шолохов, Б. Пастернак, Ш. Айтматов, Р. Ғамзатов, А. Блок секілді атақтылардың арасында Ә. Кекілбайұлының да есімі жазылған.