«Шын жүректен» реалити-шоуы бүгінгі күннің батырларын халыққа паш етеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан» телеарнасында 2014 жылдың қыркүйек айында эфирге шыққан «Шын жүректен» реалити-шоуы отандық телеарна тарихындағы теңдесі жоқ тележоба ретінде сан мыңдаған көрерменнің жүрегіне бірден жол тапты.

«Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап қазірге дейін эфирде жүріп жатқан бұл бағдарламаға бүгінгі күннің нағыз қаһармандары кейіпкер болды. Олардың арасында соңғы 15 жылын қуыршақ жасау ісіне арнаған қамқор әке, 50 жылдан соң сахнаға оралған Үмітжан әже, суға кеткен 12 баланы жалғыз өзі құтқарған батыр - Бейсетай Дәуренбеков, қазақ тілінде сөйлеп, қазақтың домбырасын тартатын балалар үйінің тәрбиеленушілері Юлия және Настя Анищуктер және де басқа жасампаз жандар бар», - делінген телеарнаның хабарламасында.

Бүгінге дейін 29 жанның арманын орындап, олардың ізгі мақсаттарын халыққа паш еткен «Шын жүректен!» реалити-шоуы қорытындыланбақ. Түсірілім барысындағы небір қызықты жайттар, әсерлі сәттер көрініс тапқан финалдық бағдарламаны «Қазақстан» телеарнасынан бүгін, жұма күні 21.55-те тамашалай аласыздар.

Жобаның мақсаты - көрермендерге қазіргі заманның батырлары деп айтуға тұратын кейіпкерлердің ерлік әрекеттерін жеткізу, насихаттау.

Көбінесе мейірімді жандар өздерінің жақсы істері жайлы айтып жатуды ұната бермейді. Бірақ біз осындай ерекше ерлік, жақсылық иелері туралы елдің білгенін қалаймыз және «Шын жүректен» арқылы сол адамдарды көпшілікке үлгі етеміз. Бағдарлама эмоцияға толы. Орынды ойын мен әдемі әзіл бағдарламаның көркін ашпақ.