Шынайы оқиғаға негізделген «Qazbat» фильмі прокатқа шығады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 21 қараша күні Қазақстан кинотеатрларына «Аю Синема» қазақстандық компаниясы мен «Qazaqstan» телеарнасы түсірген «Qazbat» көркем фильмі прокатқа шығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фильм 1995 жылдың 7 сәуірі күні болған шынайы оқиға негізінде түсірілген. Бұл күні Қазақстан ішкі әскерінің 7-інші еркін ротасының әскери қызметшілері Тәжікстанның Пшихарвск шатқалында іргелес орналасқан тарап содырларының тұтқиылдан шабуылына тап болды.

Туындыда 19-20 жас аралығындағы 4 кейіпкер туралы баяндалады. Бұл – тәжік-ауған шекарасында жауынгерлік міндетті орындаған барлық әскери қызметшілердің жиынтық образы. Картинада сондай-ақ өз қызметін абыроймен атқарған, қоластындағыларға қамқор болып, олардан нағыз ер азаматтарды тәрбиелеп шығарған Марат Ахметов, Берік Омаров, Қайрат Сәтбаев сынды және өзге де офицерлердің образын жеткізетін взвод командиры бар.

«Qazbat»-ты түсіру идеясы ҚР Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықовқа тиесілі. Режиссері – Асқар Ұзабаев. Басты қоюшы-оператор – Максим Задарновский.

Фильмде талантты актерлар Дәурен Серғазин мен Ринат Дошыбеков, киноиндустрияға жаңадан қадам басқан - Халық Рахат, Дияс Мырзахмет, Шарифбек Закиров және Индира Шынболатқызы ойнайды.

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, «Qazbat»-тың телевизиялық нұсқасы аталмыш шайқастың 25 жылдығына орай келесі жылдың 7 сәуірі күні «Qazaqstan» арнасынан көрсетіледі.